Менің көңіліме жаққаны – әр қазақы төл дыбысымызға өзінің дербес таңбасын анықтағаны. Шынында да, әр дыбыстың артында ғасырлар тиянақтаған тағдыры тұр.
Тілдің қасиеті мен кепиеті бар, оны ұмытуға да, оған обал жасауға да болмайды. Бастапқыда талқыланған жобадағы қосарлы дыбыстардың кемшілігі көп ұзамай көрініп қалған еді. Диграфтың дәрменсіздігі сондай, таңбалаған кезде тоқсан тоғыз түрге өзгеріп шыға келетінін көрсетті. Қалыптасқан тіркестерді, төл сөздерімізді бұрмалап та жіберетінін байқадық. Кешегі ұсынылған 32 дыбыстың таңбалануы да, дыбыстық ерекшелігінің сақталуы да, жалпы тіл заңдылығын сақтаудағы қабілеті көңілімнен шықты. Кестеде тұрған әріптердің әр таңбасы әр дыбысты кескіндейді дегенге қуанып қалдым.
Латын әліпбиіне көшу – бұл Қазақстанның әлемдік кеңістікке, әсіресе ақпараттық кеңістікке, бәсекелестік ортаға кіруге жасаған қадамы. Болашақтың мәселесін Елбасының бастама етіп көтергені, тікелей өзінің қадағалауында ұстап отырғаны біздің тарихи тілегіміз бен сұранысымызды ескергендіктен туындағаны анық.
Рухани жаңғыруда тіл мәселесі де сәтті жүзеге асатын қадам ретінде көңілге сенім ұялатып отыр. Сонау 1920-1930 жылдары латын әліпбиімен сауат ашып, жазу жазып, қағаз сызғанбыз. Түркітілдес бауырларымыз секілді жаңа латын әліпбиін қабылдасақ, сол тарихи құжатқа айналған мұраларымызбен қауышуда да қиындық болмас еді.
Хангелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор